Жаңалықтар

11 маусым 2008
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстан Республикасының Президенті Құрманбек Бакиевтің атына танымал жазушы Ш.Айтматовтың мезгілсіз қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Құрметті Құрманбек Сәлиұлы!

Қырғыз халқының біртуар ұлы перзенті, әлем әдебиетінің алыбы, қазақ халқының үлкен досы, бүкіл түркі әлемінің зор мақтанышы – Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматовтың өмірден озуына байланысты Сізге, Сіз арқылы бүкіл қырғыз халқына және марқұмның отбасына орны толмас ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын.


Шығармалары дүниежүзінің 165 тіліне аударылып, «Адамзаттың Айтматовы» деген атаққа ие болған дара дарынды қаламгер, ұлы ойшылдың әлемдік әдебиетте алатын орны тым өзгеше еді. Оның қаламынан туған әр шығарманы дүниежүзінің әдебиетсүйер қауымы әрдайым асыға күтіп, үлкен рухани ләззат алатын.


Пәк махаббатты, адамгершілік пен отаншылдықты, қырғыз бен қазақтың биік таулары мен жазиралы даласын нәзік лиризм мен терең ойларға құрып, бөле-жармай жырлаған суреткердің кезінде ұлы Мұхтар Әуезовтен бата алғаны біз үшін зор мақтаныш еді.


Шыңғыс Төреқұлұлы жақында ғана Қазақстанға арнайы келіп, екеуміз бүгінгі жаһандану дәуіріндегі ел мен жер тағдыры жөнінде, әдебиет пен мәдениет мәселелері төңірегінде ұзақ сұхбаттасып едік. Қазақ елі Шықаңның асқаралы мерейтойын лайықты өткізуге бел шешіп кірісіп кеткен болатын. Амал не, ажал шіркін ұлы тұлғамызды арамыздан қапыда алып кетті. Ол өзінің тегеурінді талантымен, мызғымас беделімен бауырлас Қырғыз елінің бүгіні мен келешегіне жүрегі соғуын тоқтатқанша қалтқысыз еңбек етті.


Жарты ғасырға жуық уақыт бойы әлемдік әдебиет додасын өзінің дара үнімен дүбірлетіп тұрған Шыңғыс Айтматовты өмірден озды деуге қимаймыз. Оның адамгершілік пен жақсылыққа үндейтін, ұлы гуманистік идеяларға толы шығармалары, жарқын дидары әрдайым адамзатпен бірге жасай беретініне ешбір күмән жоқ. Енді оның екінші – мәңгілік өмірі басталары анық.


Марқұмның топырағы торқа болып, нұры пейішті шалқысын!

Қош бол, аяулы Шыңғыс аға!», - делінген жеделхатта.



Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар