Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

16 наурыз 2008
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Маскат қаласының көрікті жерлерімен танысты.

Сапардың екінші күні Елбасы Кабус Сұлтанның үлкен мешітін аралап көрді. Бұл - көлемі жағынан Араб түбегіндегі Кағба мешітінен кейінгі екінші мешіт. Оның жалпы аумағы – 416 мың шаршы метр.


Содан кейін Мемлекет басшысы Кабус Сұлтанның Ұлттық университетінде және «Білім алабы» технопаркінде болды. Білім ордасында Елбасы инженерлік факультеттің оқу зертханаларын аралап көріп, құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.


Кабус Сұлтан ұлттық университеті Омандағы жалғыз жоғары оқу орны болып табылады. Университет Кабус Сұлтанның бастамасымен 1986 жылы ашылған. Оқу кешенінің аумағында клуб, кітапхана, 5 дәріс залы, 100 дәрісхана, Мәдениет және конференциялар орталығы, студенттер орталығы және мешіт орналасқан. Сондай-ақ университетте студенттермен қатар қарапайым азаматтарға да қызмет көрсететін аурухана бар. Университетте 4 ғылыми-зерттеу журнал және 2 ақпараттық газет жарыққа шығып тұрады.


«Білім алабы» технопаркі 2003 жылы ашылған, ол 25 гектардан астам аумақты алып жатыр, оның ішінде 20 мыңға жуық шаршы метр жерде кеңселер мен бизнес-инкубаторлар орналасқан. Аталған паркте жоғары технологиялар саласындағы 60-тан астам компания және ақпараттық технологиялардың 2 колледжі жұмыс істейді.


Технопарктің негізгі міндеті ішкі рыноққа әлемдік жетекші компанияларды тарту және отандық жоғары технологиялық өндірісті дамытуға жәрдемдесу болып табылады.


Сол күні сапар аясында Қазақстанның сыртқы істер министрі М.Тәжин Оман Сұлтандығының сыртқы істер министрі Юсеф бен Алауи бен Абдолламен дипломатиялық паспорттардың иелерін визалық міндеттерден босату туралы меморандумға, Оман Сұлтандығының білім министрі Рауяия бинт Сауд әл-Бусаидимен білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.


Сондай-ақ Қазақстан Республикасының сауда-өнеркәсіптік палатасы мен Оман сауда-өнеркәсіптік палатасы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар