Жаңалықтар

11 маусым 2008
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Францияға сапарының алғашқы күні Францияның экс-Президенті Жак Ширакпен және Парламент палаталарының басшылары Б.Аккуайемен және К.Понселемен кездесті.

Бұрынғы әріптесі Жак Ширакпен кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастық мәселелерін талқылады.


Бүгінгі таңда Францияның экс-Президенті тұрақты даму және мәдениеттер диалогы қорын құрған екен. Сол себепті де қазақ мәдениетінің даму тақырыбы оның аса қызығушылығын тудырды. Жак Ширак екі ел халықтарының арасындағы мәдени байланыстарды нығайта түсудің маңыздылығын ерекше атап өтті.


Өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бұрынғы әріптесіне Қазақстанның бірнеше жылдар аясында өзінің өркениеттер мен діндер диалогын дамыту бастамасын іске асырып келе жатқандығын жеткізді. Мемлекет басшысы Жак Ширакты келесі жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының үшінші съезіне қатысуға шақырды.


Жак Ширак Қазақстан экономикасының тәуелсіздік жылдарындағы қарқынды дамуы – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі және оның қазақстандықтардың игілігінің артуына бағытталған сындарлы саясатының арқасында екендігін атап өтті.


- Сындарлы саясат пен қарқынды дамудың арқасында Қазақстан Еуропада аса танымал бола бастады, - деді Жак Ширак.


Кездесуден кейін Қазақстан Президенті Францияның Ұлттық Мәжілісі – француз Парламентінің кіші палатасы орналасқан Бурбон сарайында болды. Мұнда Мемлекет басшысы Ұлттық Мәжіліс төрағасы Бернар Аккуайемен кездесті.


- Мен үшін Қазақстан делегациясын қабылдау үлкен мәртебе. Қазақстанмен қарым-қатынас Франция үшін жоғары маңызға ие. Осындай мазмұндағы пікірді маған Президент Н.Саркози де, ағымдағы жылдың ақпан айында Қазақстанға сапарынан үлкен ықыласпен оралған Премьер-Министр Ф.Фийон да айтқан болатын. Әрі мен екі ел арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамуы Сіздің саяси жігеріңіздің арқасында деп білемін, - деді Б.Аккуайе.


Мемлекет басшысы Ұлттық Мәжіліс делегациясын Қазақстанға шақырды. Франция тарапы шақыруды ықыласпен қабыл алды.


Сондай-ақ кездесу барысында халықаралық саясаттың бірқатар мәселелері жөнінде пікір алысылды.


Осы күні Н.Назарбаев француз Парламенті Сенаты орналасқан Люксембург сарайында болды. Парламент Сенаты төрағасы Кристиан Понселе қазақстандық жоғары мәртебелі қонақтың құрметіне орай кешкі ас ұйымдастырды.



Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар