Жаңалықтар

11 наурыз 2008
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Үкіметі төрағасының орынбасары - Қаржы министрі Алексей Кудринді қабылдады.

Кездесуде қаржы секторындағы, ДСҰ-ға кірудегі қазақстан-ресей қарым-қатынастарын дамыту мәселелері, сондай-ақ Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ) қызметі талқыланды.


Журналистерге арналған брифингте сөйлеген сөзінде А.Кудрин:

- Ағымдағы жылдың қаңтарында Ресей ЕАДБ жарғылық капиталының өзіне тиесілі бөлігін аударды. Қазақстан да жарғылық капиталдың өз бөлігін аударуды аяқтауда. Еуразиялық даму банкі жарғылық капиталының жалпы көлемі 1,5 миллиард долларды құрайтын болады, деді.


А.Кудрин ЕАДБ капиталы мен жобаларын басқару жоғары деңгейде жүзеге асып отырғанын атап өтті. Бұл банкке Ресейдің де, Қазақстанның да дербес рейтингісінен жоғары болып табылатын халықаралық инвестициялық рейтингке қол жеткізуге мүмкіндік берді.


- Бүгінгі біздің мақсатымыз – ЕАДБ-ның мүшелерінің санын көбейту. Бізге Тәжікстанның, Қырғызстанның, Арменияның, Белоруссияның банк акционерлері қатарына кіру туралы өтініштері келіп түсті. Таяу жылдары ЕАДБ ЕурАзЭҚ және тұтастай алғанда, ТМД аумағындағы жетекші инвестициялық банкке айналады. Бұл халықаралық деңгейдегі жаңа өңірлік даму институты болмақ, - деп атап өтті А.Кудрин.


Сондай-ақ кездесу барысында екі ел ықпалдастығын байланыстырып, қамтамасыз ететін көлік инфрақұрылымындағы жобаларды жүзеге асыру жөніндегі Қазақстан мен Ресейдің даму институттарының ынтымақтастығы мәселелері талқыланды.


Анықтама:


ЕАДБ құру туралы құжаттарға екі мемлекет басшыларының қатысуымен 2006 жылдың қаңтарында қол қойылды. Құрылтайшылық құжаттар бойынша жарғылық капиталдың көлемі 1,5 млрд. долларды (РФ-ның үлесі – 1 млрд.) құрайды. Банк халықаралық қаржылық ұйым болып табылады және банкке мүше мемлекеттердің нарықтық экономикасын дамытуға ықпал етуге, олардың экономикалық өсуіне және инвестициялық қызметті жүзеге асыру арқылы мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге бағытталған.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар