Жаңалықтар

7 наурыз 2008
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Салтанат сарайында өткен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік Көктем балына қатысты.

Көктем балын ашқан Елбасы Қазақстанның барлық әйелдерін көктемнің осы бір тамаша мерекесімен құттықтады.


Президент бұл мейрам біздің жүрегімізге ананың аялы алақанындай шуақ себетін бірінші көктем мекекесі екендігін атап өтті. Табиғат ананың жандануы осы бір керемет салтанаттан бастау алатыны бекер емес.


Мемлекет басшысы Қазақстанның қазіргі табыстары көбінесе әйелдер еңбегінің арқасында деген пікір білдірді.


Қазақстанда еліміздегі әйелдердің денсаулығы мемлекеттің ерекше қамқорлығында. Қазақстанның барлық аймақтарында заманауи медициналық жабдықтардың іске қосылуы, Астанада Ұлттық ана мен бала орталығы және Республикалық балаларды оңалту орталығының ашылуы соның жарқын айғағы болып табылады. Аталған медициналық мекемелер ең озық әлемдік клиникалардың деңгейінде жұмыс жасайды және қазіргі заманғы жабдықтармен және жоғары білікті дәрігерлермен қамтамасыз етілген.


Қазақстандағы барлық мемлекеттік қызметкерлердің алпыс пайызға жуығын әйелдер құрайды. Бұл ТМД елдерінің арасында ең жоғарғы көрсеткіштің бірі. Мемлекеттік және өкілеттік органдарда әйелдердің үлесі артып келеді. Парламент Мәжілісі мен облыстық мәслихаттардағы депутат әйелдердің саны айтарлықтай өсті.


Мемлекет басшысы Қазақстанның барша әйелдеріне махаббат, денсаулық, бақыт пен игіліктер, гүлдену тіледі.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар