Жаңалықтар

19 маусым 2008
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Токио қаласында Жапонияның Парламенті Палаталарының басшыларымен кездесті.

Түстен кейін Нұрсұлтан Назарбаев Жапония Парламенті Өкілдер палатасының (төменгі палата) спикері Йохей Кономен кездесті.


Әңгіме кезінде Н.Ә.Назарбаев екі ел арасында, соның ішінде заң шығарушы органдар деңгейінде де саяси байланыстардың кеңеюіне Қазақстан ерекше мән беретінін атап өтті. Заң шығарушы органдар арасындағы мұндай байланыс екіжақты қатынастардың бүкіл спектрін, сондай-ақ халықаралық парламенттік ұйымдар аясындағы өзара ықпалдастықты нығайтуға мүмкіндік туғызады. Екіжақты парламентаралық байланыстарды сапалық жаңа деңгейге көтеру үшін қажетті барлық жағдайлар бар.


Өкілдер палатасының спикері Қазақстан мен Жапонияның экономикалары бір-бірін өзара толықтыратынын – Қазақстан табиғи ресурстарға, ал Жапония жоғары технологияларға бай екенін айтып өтті. Екі елдің саясатшылары экономикалық байланыстарды нығайтуда жаңа бастама танытуы керек. Йохей Коно Қазақстанның ядролық қарусыздану саласындағы саясатын жоғары бағалады.


– Ядролық қаруды толық жою – біздің арманымыз, – деп атап көрсетті жапон Парламенті төменгі палатасының жетекшісі.


– Біз осы бағытта бірге жұмыс істеуге әзірміз. Сіздің ұстанымыңызды толықтай бөлісемін, – деді Қазақстан басшысы оның пікіріне қолдау білдірді.


Сол күні Н.Ә.Назарбаев Парламенттің Кеңесшілер палатасының (жоғары палата) спикері Сатцуки Эдамен кездесті.

Президент Қазақстанның Жапониямен жақсы қатынастарды жолға қоюға ұмтылатынын және бұл істе үлкен прогреске қол жеткізгенін атап өтті. Қазақстан үшін парламентаризмнің және заң шығарушылық жұмыстың жапондық тәжірибесі үлкен қызығушылық туғызады. Президент Қазақстан үшін аса маңызды Семей өңірі мен Арал теңізінің проблемаларын шешудегі Жапонияның жәрдеміне ризашылық білдірді.


Қазіргі таңда Жапония Парламентінде қызық жағдай қалыптасқан - егер кіші палатаның басым бөлігі басшылық құрған Либералды-демократиялық партияда болса, ал жоғары палатада Жапонияның оппозициялық Демократиялық партиясы басымдыққа ие.


Жоғары палатада қазіргі қалыптасқан жағдайға байланысты Сатцуки Эда Қазақстанға қатысты Жапония парламентінің екі палатасында және қос саяси партияда ортақ ұстаным – ынтымақтастыққа деген көңіл-күй бар екенін атап көрсетті.


Әңгіме барысында сондай-ақ екіжақты экономикалық ынтымақтастықты дамыту, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларындағы өзара ықпалдастық мәселелері талқыланды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар