Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

30 наурыз 2007
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық Ғылым академиясының академиктері Серік Қирабаев пен Әлия Бейсенованы қабылдады.

Мұның қарсаңында Елбасы мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі айрықша еңбегі, сондай-ақ Қазақстан ғылымының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі Серік Қирабаевты «Отан» орденімен және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті «Экология және география» ғылыми-әдістемелік орталығының жетекшісі Әлия Бейсенованы «Парасат» орденімен наградтау туралы жарлыққа қол қойған болатын.


Мемлекет басшысы ғалымдарға наградаларын табыс етіп, елдегі ғылымның жай-күйі мен дамыту келешегін талқылады.


- Жаңа ғана Президенттің қабылдауында болып, Елбасы біздің мерейтойларымызға орай үлкен марапат жасады. Біз ел тәуелсіздігінің баянды болуы, туған отанымыздың өркендеп, келешегімізге жарқын жол салынуында Елбасының сіңірген еңбегі өлшеусіз екенін атап көрсетіп, шынайы алғысымызды білдірдік. Сонымен бірге әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру жөнінде алдымызға биік меже белгілеп бергені үшін ризашылығымызды айттық. Бүкіл елдің, жалпы Қазақстанның әлеуметтік жағынан толысып, халықаралық деңгейде биік беделге ие болуында Елбасының үлкен еңбегі бар екенін жеткіздік, - деді С.Қирабаев журналистерге арналған брифингте.


- Мен аналардың, қыз-келіншектердің атынан ғылымға, елге деген үлкен құрмет, қамқорлық жасап келе жатқан Елбасыға шын жүректен алғыс айтамын. Арқа төсіндегі сардалаға салынған еңселі Ақордада үлкен марапатқа ие болып жатырмыз. Мерейлі жасқа келген адам үшін бұдан артық қандай құрмет керек. Мен Елбасыға ақ жол тілеймін, әрқашан мерейі үстем болсын. Президент халықтың көшбасшысы ретінде халқын алға бастап келеді. Соның айғағы ретінде ана тілін жолға қойды, экономиканы өркендетті. Қазақ елі терең білім алуда, елдің тұтастығы сақталып отыр. Осы игілікті істері үшін рахмет айта отырып, бірлікті беки түсуге атсалысамын демекпін. Біздей еңбек сіңірген адамдарға көңіл аударып, уақыт бөлгені үшін Елбасыға мың да бір алғысымды айтамын, - деді Ә.Бейсенова.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар