Жаңалықтар

19 сәуір 2011
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ядролық энергияны қауіпсіз және инновациялық мақсатта пайдалану мәселелері жөніндегі Киев саммитінің пленарлық отырысында сөз сөйледі.

003

001

002

- Құрметті саммитке қатысушылар! Ханымдар мен мырзалар!

Ең алдымен, форумды ұйымдастырушыларға, сондай-ақ форумға шақырғаны үшін жеке Украина Президенті Виктор Федорович Януковичке ризашылығымды білдіргім келеді.

Өздеріңіз де білесіздер, 26 сәуірде Чернобыль атом электр стансасында   әлемдегі ең ірі ядролық техногендік апат орын алғанына 25 жыл толады. Асырып айтқандық емес, Чернобыль апаты бүкіл әлемді атомды бейбіт мақсатта пайдаланудағы қауіпсіздік мәселесімен шындап айналысуға мәжбүр еткен әрекеттің бастауына айналды. Чернобыль апатын жоюға жүз мыңдаған адам қатысты, олардың арасында 32 мыңнан астам қазақстандықтар жұмыс істеді. Олардың көбі денсаулықтарынан айрылды, біразы өмірімен қоштасты. Чернобыль қасіреті ядролық радиацияның әсерінің жағымсыз салдарларын естіп-білген қазақстандықтар арасында әлі күнге дейін ауыр қабылданады. Қазақстан жерінде әлемдегі ең үлкен Семей ядролық сынақ полигоны әрекет еткен. Жарты ғасырға жуық уақыт бойы онда 456 ядролық жарылыс жасалды, бұл 116 Чернобыль апатының зардабына тең. Әлемдік қоғамдастық осы қорқынышты трагедияға әлі күнге дейін бағасын берген жоқ. Бұл сынақтардың салдарлары әлі де ұзақ уақыт сезілетін болады. Мен Қазақстан Президенті ретінде қол қойған алғашқы Жарлықтарымның бірі Семей ядролық полигонын жабу туралы құжат болды. Өткен жылы БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун мырза Ұйымның басшыларының алғашқысы болып бұрынғы Семей полигонында болып, Қазақстанның жаһандық ядролық қарусыздану ісіне қосқан үлесіне жоғары бағасын берді, әлемнің өзге елдерін біздің елімізден үлгі алуға шақырды. Биылғы жылы Семей полигонының жабылғанына 20 жыл толады. Тек Семей полигоны жабылғаннан кейін ғана әлемдегі басқа полигондардың да үні өшті. Қазан айында Қазақстанда осы маңызды оқиғаға арналған халықаралық «Ядросыз әлем форумы» өтеді. Мен осындай бастамамен өткен жылы Вашингтон саммитінде сөз сөйлеген едім. Осы мүмкіншілікті пайдаланып, қызығушылық танытушы барлық халықаралық ұйымдар мен мемлекеттерді форумға қатысуға шақырамын.

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Бүгін тағы да, бұдан 25 жыл бұрынғы тәрізді, әлем алдында атом энергиясының қауіпсіздігі мәселесі өткір тұр. Жапондық «Фукусима» АЭС-дағы төтенше жағдай мұның қайғылы мысалы болып табылады. Ол атом энергетикасын дамыту саласында жаһандық тәуекелдерді басқарудың жалпыпланеталық механизмдері тапшы екенін айқын көрсетті. Сірә, АЭС құрылысының алдағы жоспарында принципті түрде жаңа көзқарастар қажет шығар. Бұл әсіресе осы салада бұл уақытқа дейін тәжірибесі болмаған, атом энергиясын дамыту ниетіндегі елдер ескеру үшін керек. Үстіміздегі ғасырдың ортасында әлемнің 50-ге жуық елі атом стансаларын орналастыруды ойластыруда. Кез келген АЭС-дағы ядролық апаттың жағымсыз салдарлары міндетті түрде трансшекаралық өлшемдерге ие болады. Осыған байланысты АЭС-ның және өзге азаматтық атомдық нысандардың қауіпсіздігі жаһандық ядролық қауіпсіздіктің маңызды құраушысының бірі ретінде танылуы керек. Атом энергетикасы нысандарының бірыңғай, қатаң шектегі және халықаралық танылған стандарттары мен қауіпсіздік өлшемдерін әзірлеу төтенше маңызды. Онсыз әлемде бірде-бір АЭС-сын пайдалануға жол берілмеуі тиіс. МАГАТЭ аясында және тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, АЭС басқару және қорғау жүйесінің міндетті тұрақты стресс-тестін жасау пайдалы болған болар еді. АЭС пайдаланушы мемлекеттер мен компанияларды толық көлемде өз халқын және халықаралық қоғамдастықты кез келген, тіпті өздерінің ядролық объектілеріндегі ең елеусіз оқиға туралы тез арада хабардар етуге міндеттеу қажет. Осы заңды талапты бұзған жағдайда қатаң санкция қарастыру керек. Атом энергетикасын дамытушы елдің үкіметі өзге мемлекеттердің экономикалық мүдделеріне және жаһандық экологияға нұқсан келтіргені үшін толық жауапкершілікті алуға дайын болулары керек. Біз өзіміздің немерелеріміз бен шөберелеріміз қазіргі уақытта билік басындағы және бизнестегілердің қателіктері үшін жауап бермейтіндей жасауымыз керек. Қазақстан атом энергетикасын дамытуға барлық жағдайды екшеп кіріскелі отырмыз. Біздің еліміз қазір уран кенін өндіру жөнінен әлемде бірінші орында. Еліміз реакторларды пайдалануда да, қолданбалы ядролық физика саласында да жеткілікті дәрежеде ғылыми-тәжірибелік сынақтардан өткен. Өзіміздің атом өнеркәсібін дамытуды жалғастыра отырып, біз ядролық отын циклінің вертикалды интеграцияланған компаниясын құруды жоспарлап отырмыз. Яғни, уранды өндіруден бастап, одан отын алуға дейінгі циклді жасамақпыз, Сонымен бір мезгілде радиоактивтік материалдардың заңсыз айналымына қарсы іс-әрекет етуші және атом энергиясын пайдалану кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді мемлекеттік жүйесін құрамыз. Қазақстан МАГАТЭ аясында біздің елімізде аз байытылған уранның халықаралық банкін құру туралы идея контестінде таратпау режимін нығайтуда үлесті кеңейтуге дайын. Мен Қазақстан аумағында банкті ораластыруға әзір екендігімізді тағы да қуаттаймын. Біз атом энергетикасы бүкіл әлемдік қоғамдастықта инновациялық-индустриалдық дамудың шектеулі бөлігіне айналу мүмкіндігіне сенеміз. Алайда бұл үшін ядролық технология ХХІ ғасырдың талаптары мен тиісті рухындағы сапалы жаңа деңгейге шығуы керек. Қазақстан Үкіметі Франция мен Украина Президенттерінің мәлімдемелерін қарай келе, Чернобыль АЭС-на арналған халықаралық жобаны аяқтау үшін қаржы бөлу туралы шешім қабылдағанын атап өткім келеді. Киев саммитінде атам энергетикасының қауіпсіздігі мен заманауи даму мәселелерін кең және жан-жақты талқылау нақты нәтижелерге қол жеткізуге көмектесетініне үміт артамын.

Саммитке қатысушылардың барлығына мықты денсаулық және табыстар тілеймін.

Зейін қойып тыңдағандарыңыз үшін рахмет!


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар