Жаңалықтар

10 тамыз 2010
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияның сыртқы істер министрі Кацуя Окаданы қабылдады.

Кездесу барысында екі ел арсындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Жапонияны ядролық қарулануға қарсы күрес мәселелері жақындастыра түсетінін атап өтті. Қазақстанда ұзақ жылдар бойы мемлекетке және оның халқына үлкен залал тигізген Семей ядролық сынақ полигоны істеп келген болатын.

– Экологиялық мәселелелерді шешу барысында біз әрқашан сіздің елдің қолдауын сезініп отырдық. Біздің 29 тамызды бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күні етіп жариялау туралы бастамамызды қолдағандарыңыз үшін сіздерге ризамыз, – деді Қазақстан Президенті.

Мәртебелі мейман Жапонияның Қазақстанды Орталық Азиядағы геосаяси серіктесі санайтынын және оның ядролық қарусыздану мен қауіпсіздікті нығайту бағытындағы мемлекеттік саясатын жоғары бағалайтынын айтты.

– Біз қазақстан-жапон қарым-қатынасын жаңа сапалық деңгейге көтеруіміз керек. Қазақстан энергетикалық ресурстарға бай, ал Жапония дамыған технологияларға ие. Біз осы екі факторды біріктіре отырып, мемлекеттеріміз үшін екіжақты тиімді қарым-қатынастың жаңа деңгейіне қол жеткізе аламыз, – деді К. Окада журналистерге арналған брифингте.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар