Жаңалықтар

4 сәуір 2011
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы сенімді жеңісімен Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев құттықтады.

Жеделхат мәтінінде былай делінген:

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Қазақстан Республикасы Президенті қызметіне қайта сайлануыңызға байланысты шын жүректен шыққан құттықтауымды қабыл алыңыз.

Сайлаудағы сенімді жеңісіңіз Сіздің өз халқыңыздың шынайы көшбасшысы ретіндегі абырой-беделіңізді айқын көрсетті. Достас Қазақстан соңғы жылдары қол жеткізген әлеуметтік-экономикалық саладағы, мемлекеттік құрылыстағы, халықаралық аренадағы айтарлықтай табыстар Сіздің жалпыұлттық қолдау мен сенімге ие болуыңызды қамтамасыз етті.

Тату көршілестік пен өзара құрметтің берік үрдісіне негізделген, ресейлік-қазақстандық стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдету мәселесіндегі Сіздің өзгермейтін көңіліңізді жоғары бағалаймын. Екі жақты күш-жігердің арқасында көпжоспарлы екіжақты өзара іс-қимылымыз одан әрі қарқынды дамып, жаңа ауқымды жобалармен баий түсетініне күмән келтірмеймін.

Қазақстанның өңірлік интеграциялық ынтымақтастықты дамытуға арналған үдемелі бағыты жалпыға ортақ танымалдыққа ие. Біздің елдеріміздің Кеден одағының жұмысын қамтамасыз ету мәселесінде және ЕурАзЭҚ аясында Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыруда, ТМД, ҰҚШҰ мен ШЫҰ желілері бойынша байланыстарды нығайтудағы көзқарастарды тығыз үйлестіруі бірнеше рет өзінің тиімділігін көрсетті. Біздің бірлескен жұмысымыздың келесі интеграциялық кезеңге – Еуразиялық экономикалық одаққа өтуін жалғастыру маңызды.

Ресейлік-қазақстандық одақтастық қатынастардың орасан әлеуеті алда да біздің елдеріміздің халықтарының мүдделерін, еуразиялық кеңістікте тұрақты даму мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде табысты іске асатынына сенемін.

Мықты денсаулық және келешекте табыстар тілеуші ниетпен,

Ресей Федерациясының Президенті

Дмитрий Медведев

Мәскеу, Кремль, 2011 жылғы 4 сәуір.                    


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар