Жаңалықтар

18 қараша 2009
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасы судьяларының V съезі болып өтті.

Форумға республика өңірлеріндегі судьялар ұжымынан 640 делегат қатысты. Съезде Қазақстанның сот жүйесін одан әрі дамытудың жаңа басымдықтары белгіленіп, республикада сот реформасының жеткістіктері мен барысы талқыланды.

Съезд делегаттары алдында сөйлеген сөзінде Президент әділетті соттар демократиялық және құқықтық мемлекеттің негізгі тірегі екенін атап өтті. 

– Тәуелсіз Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі – соттар мен судьялардың заңдылық тұрғыда ғана емес, іс жүзінде тәуелсіздік алуы, – деді Н. Назарбаев. 

Қазақстанда сот билігінің нығаюы үшін көптеген істер атқарылды. Халық та соттар корпусынан олардың әрдайым заң мен әділеттіліктің сенімді тірегі болуын талап етуге құқылы, деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Президент соттар алдында тұрған міндеттерді жүйелі шешу қажеттігіне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, азаматтардың сот жүйесіне сенімін арттыру жөніндегі шаралар, сот өндірісін жетілдіру және қысқарту жөніндегі жұмыстарды жалғастыру, соттар мен судьялардың одан әрі мамандануын қамтамасыз ету, сот әкімшілігі жүйесін дамыту, құқықтану мен сот әкімшілігі міндеттерінің аражігін нақты айқындау. Осы ретте сот жүйесін жетілдіру процесі жаңартылған тиісті заңнамаға сәйкес жүзгілуі тиіс.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар