Жаңалықтар

12 мамыр 2008
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қызылорда облысына жұмыс сапары аяқталды. Президент облыс активіне өңірдің жаңа басшысын таныстырды.

 

Бүгін Мемлекет басшысы Қызылорда облыстық мәслихатының сессиясына қатысып, облыс әкімі қызметіне тағайындау үшін Болатбек Қуандықовтың кандидатурасын депутаттардың қарауына ұсынды.

Облыстық мәслихаттың шешімімен Қазақстан Президентіне Болатбек Қуандықовты Қызылорда облысының әкімі қызметіне тағайындауға келісім берілді.

Содан кейін Мемлекет басшысы облыс активімен кездесіп, Болатбек Қуандықовты таныстырды.

Елбасы Қызылорда облысының активімен кездесуде сөйлеген сөзінде өткен жыл еліміздің қоғамдық әрі саяси өмірінде аса ірі өзгеріс әкелген жаңару жылы болғанын атап өтті. Қазақстанның 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясының алғашқы 10 жылдық кезеңі зор табыспен аяқталды. Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіру мақсаты айқындалды. Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар құрамы жаңашыл бастама негізінде жасақталды.

- Осы жылдан бастап біз дамудың жаңа, кезекті сатысына өтеміз. Негізгі ұстанымдарды мен ақпан айындағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауымда айтқанмын. Бұл – еліміздің орнықты дамуын және халықтың әл-аухатын жақсартуды қамтамасыз ету, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент ағымдағы кезеңнің аса маңызды міндеттерін атады. Олар – көздеген әлеуметтік бағдарламаның барлығын орындау, денсаулық сақтау және білім беру саласының қызметін барынша жақсарту, Қазақстан экономикасын жаңа қарқынмен дамытуды қолға алу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Нұрсұлтан Назарбаев Қызылорда облысындағы экономикалық дамудың қарқынды қадамы көңіл қуантатынын атап өтті. Қызылорда облысы дамудың барлық негізгі бағыттар бойынша оң серпінге және межелеген жоспарларды жүзеге асыру үшін тиісті әлеуетке ие.

Мемлекет басшысы облыс аграрлық секторының негізгі әрі аса құнды дақылы – күріш өсіруде инженерлік жоспарлау жүйесін жүргізу қажеттігін атап өтті. Облыс әкімдігіне «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен біріге отырып бау-бақша өнімдерін өсіру, сақтау және өңдеумен айналысатын мамандандырылған шаруашылықтарды дамыту мәселесін тез арада қолға алу тапсырылды.

Қызылорда облысындағы уран кен орындарын игеруді жедел қолға алу маңызды міндет болып табылады.

- Бұл саланың перспективасы зор, және де ол жақын арада осы аймақ экономикасының тегеурініне айналары анық, - деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы көп бөлігі Қызылорда облысының аумағы арқылы өтетін «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбыры құрылысын, Батыс Еуропа-Батыс Қытай автомагистралі жобаларын жүзеге асыру еліміз үшін маңызды екеніне көңіл аударды.

- Үкімет Көксарай су реттегіші құрылысын салу жөнінде шешім қабылдады. Бұл – көп қаржыны талап ететін жоба. Бұл шешімге оңай келген жоқпыз. Біз бұл қадамға Сырдариядағы көктемгі су тасқыны мәселесін түбегейлі шешу үшін барып отырмыз. Бұл өз кезегінде еліміздің оңтүстік өңірлерінің ауыл шаруашылығы мен осы облыстағы шаруалардың суға деген сұранысын сенімді түрде қамтамасыз ететін болады. Аталмыш жоба Кіші Аралды толтыруға да ықпал етпек, - деп атап өтті Президент.

Кездесуді қорытындылай келе, Мемлекет басшысы облыстың даму дәрежесін тұрақты деңгейде деп бағалады.

- Бұл жетістік - өзім бір жылдан аса уақыт бұрын зор сенім артып тағайындаған әкімнің жаналқым еңбегінің нәтижесі деп білемін. Мен Мұхтар Құл-Мұхаммедтің жоғары кәсіби шеберлігін, ұйымдастырушылық қабілетін және халықпен қоян-қолтық жұмыс істегенін ерекше атап өткім келеді. Мен Мұхтар Абрарұлының Қызылорда облысының әкімі ретіндегі қызметіне ризамын. Ол үнемі менің сенімімнен шығып келе жатқан жаңашыл тұлға, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев М.Құл-Мұхамедтің мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалғанын хабарлады.

Сол күні Президентке өңірдің инвестициялық жобалары таныстырылды. Олардың қатарында – Жаңақорған ауданындағы Шалқия кен орнындағы қорғаныс-мырыш байыту фабрикасының құрылысы. Жалпы құны 280 миллион долларды құрайтын бұл жоба «Қазақстанның 30 корпоративті көшбасшысы» бағдарламасына енген. Аталған жобаны іске асыру 2 мың жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ облыста «Қоныс-Құмкөл» және «Арыс – Құмкөл» мұнай құбырының, шыны зауытының, газды кәдеге жарату жөніндегі кешеннің құрылысын салу, сондай-ақ уран кен орындарын игеру жөніндегі бірқатар жобалар, керамикалық кірпіш шығаратын, ванадиевтық кенді игеру, түрлі диаметрлі поливинилхлоридтан құбырлар шығаратын зауыттардың құрылысын салу көзделіп отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев Қызылорда облысының ауыл шаруашылығын дамытуға зор үлес қосып, Социалистік Еңбек ері атағын иеленген ардагер әйелдер Сәлима Жұмабековаға, Шырынкүл Қазанбаеваға және Жадыра Таспанбетоваға жаңа пәтердің кілтін табыс етті.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар