Жаңалықтар

25 мамыр 2012
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жамбыл облысына жұмыс сапары жалғасты.

Бүгін Президент Жамбыл облысына сапары барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары жүргізілген көп қабатты тұрғын үй кешенін аралап көрді. Мемлекет басшысы қарапайым азаматтардың өмір сүру деңгейін жақсарту үшін бағдарламаның өзектілігін және оны тиімді іске асырудың маңыздылығын атап өтті.

Бүгінде облыстағы 1361 көп пәтерлі тұрғын үйдің 755-і немесе тұрғын үйдің жалпы санының 55 пайызы жөндеу жұмысын жүргізуді қажет етеді. 2011 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасын іске асыру аясында 33 көп пәтерлі тұрғын үйге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізуге республикалық бюджеттен 326 миллион теңге мөлшерінде мақсатты трансферт бөлінген. Биыл 10 көп пәтерлі тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 812 миллион теңге қарастырылған. Пәтер иелері үшін ай сайынғы төлем мөлшері орындалған жұмыстың көлеміне қарай айына 1,5-ден 4 мың теңгені құрайды.

Мемлекет басшысы сондай-ақ «Амангелді» өндірістік кооперативінің шағын жылыжай кешенімен танысып шықты. Президент өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұрақты жұмыс орнын ашуға бағытталған мұндай жобаларды іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Жалпы аумағы 5 гектарлық кешенге 104 шағын жылыжай орналастырылған. Бір жылыжайдағы көкөністің орташа түсімі бір маусымда 5 тоннаны құрайды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында кешенге сомасы 62 миллион теңге болатын инфрақұрылым жүргізілді. Аталған жобаны іске асыру жүзден астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жобаның жалпы құны 324 миллион теңгені құрайды.

Президент «Энерджи-Тараз» ЖШС-нің жарық диодты шам шығаратын өндірісінде болды. Мемлекет басшысы өндірістің инновациялық екенін және елдің жоғары энергиялық тиімділігіне қол жеткізу үшін шығарылып жатқан өнімдердің маңыздылығын атап көрсетті. Жарық диодты шамдарды пайдалану кезінде энергия қуатын тұтыну 70 пайызға дейін төмендейді. Кәсіпорын іске қосылған кезден бері 91 миллион теңгенің өнімін шығарды. Өндірістік қуаты жылына – 5 мың дана шам шығару. Жарық диодты шамдар шығаратын өндіріс жөніндегі жобаның жалпы құны 130 миллион теңгені құрайды.

Мемлекет басшысы сондай-ақ «Балапан» бағдарламасы аясында жеке меншік-мемлекеттік әріптестік негізінде салынған «Анета» жеке меншік балабақшаның жұмысымен танысып шықты. Президент Қазақстанда балалардың мектепке дейінгі сапалы білім берумен кеңінен қамтылуы үшін осындай әлеуметтік жобалардың маңызды екеніне назар аударды.

Жамбыл облысында балалардың 42 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен және оқумен қамтылған. 2011 жылы 18 балабақша мен 55 шағын орталық ашылған. «Анета» жеке меншік балабақшасы 60 орынға есептелінген. Бір балаға арналған төлем құны - 30 мыңға жуық теңгені құрайды, ол қаражаттың тең жартысы мемлекет есебінен төленеді. Жобаны іске асырудың жалпы құны 20 миллионнан астам теңгені құрайды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар