Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

18 қыркүйек 2007
Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев Қазақстан Республикасындағы жаңадан тағайындалған елшілерден сенім грамоталарын қабылдады.

Мемлекеттік хатшыға сенім грамоталарын Норвегия Корольдігінің Төтенше және Өкілетті елшісі – Метте Конгсхем, Албания Республикасының елшісі – Теодор Панди Лячо, Индонезия Республикасының елшісі – Сджахрил Сабаруддин, Австрия Республикасының елшісі – Урсула Фарингер табыс етті.


- Сенім грамоталарын тапсыру рәсімінде мен Норвегия Королі Харальд V-нің атынан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ыстық сәлемін жеткіздім. Норвегия Корольдігінің Қазақстандағы Елшісі болу мен үшін үлкен мәртебе. Мен біздің елдеріміз арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бар күш-жігерімді жұмсайтын боламын, - деді Метте Конгсхем журналистерге арналған брифингте.


Албания елшісі Теодор Лячо қазіргі кезде Қазақстан басқа елдердің, оның ішінде Еуропа елдерінің экономикасын инвестициялауға қатысатын ел болып табылатынын атап өтті.


- Албания үкіметі қазақстандық инвесторларды Албания экономикасының түрлі салаларына инвестиция салуға шақыруға дайын. Біздің құшағымыз айқара ашық, - деді Теодор Панди Лячо.


Индонезия да Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықты дамытуға әзір. Осы орайда елші Сджахрил Сабаруддин 24 қазанда Джакартада Қазақстан-Индонезия іскерлік инвестициялық сауда форумы өтетінін хабарлады.


- Біздер де 2008 жылдың ортасында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Индонезияға сапарын күтудеміз. Аталған сапар екі ел арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға мүмкіндік береді, - деп атап өтті елші Сабаруддин.


Австрия Республикасының Елшісі Урсула Фарингер Қазақстан Австриямен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан Орталық-Азия аймағындағы алғашқы ел екенін еске салды.


- Біз сондай-ақ 2008 жылы осы аймақтағы бірінші дипломатиялық миссияны Қазақстанда ашпақ ниеттеміз, - деді Урсула Фарингер.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар