Жаңалықтар

25 желтоқсан 2008
Президент Нұрсұлтан Назарбаев астаналық әкімдікте болып, «Арендалық тұрғын үй» бағдарламасы бойынша Астана қаласының тұрғындарына пәтер кілттерін тапсыру салтанатты рәсіміне қатысты.
big-001.jpg

Іс-шараға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде, Мемлекет басшысы 500-ден астам астаналық отбасы жаңа пәтерге ие болумен қатар, Жаңа 2009 жылды жаңа қоныста мерекелейтінін атап өтті.


Н.Назарбаев әлемдік экономикалық дағдарыстың салдарына қарамастан, Қазақстан тұрғын үйлер тұрғызып, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытып отырғанына ерекше назар аударды. Мемлекет сондай-ақ, үлескерлер проблемасынан да тысқары қалған жоқ. Осы жылы 20 мыңнан астам үлескер өз тұрғын үйлерін салуға мүмкіндік алды.


– Муниципальдық тұрғын үйлерді беру – бұл мемлекеттің дәрігерлер мен мұғалімдер, мәдениет қайраткерлері, мемлекеттік қызметшілер туралы, соғыс ардагерлері мен табыстары көп емес адамдар туралы қамқорлығының жарқын куәсі,- деп атап өтті Н.Назарбаев.


Президент №2 балалар үйінің дәрігері А.Югайға, көп балалы ана Т.Тоқтароваға, Ұлы Отан соғысының ардагері Г.Шамилұлына, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ сазды-драма театрының актері А.Аймағамбетоваға, Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жүзу жөніндегі жаттықтырушысы А.Кудрявцевке, №58 орта мектептің мұғалімі О.Шахановқа пәтер кілттерін тапсырды.


Н.Назарбаев жаңа пәтер иелерін келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, оларға жаңа қоныстары әрдайым ырыс пен берекеге толы болсын деген игі тілегін білдірді.


Бұл күні барлығы 251 адам пәтер алды. Оның ішінде, 145-і білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт саласының қызметкері, 106 Ұлы Отан соғысының ардагері мен мүгедектері. Олардың барлығы құрылыс саласына мемлекеттік көмек көрсету аясында салынған тұрғын үйлерге ие болды. Қала әкімдігі бюджеттен бөлінген қаражатқа тұрғызылған тұрғын үй кешенінен 6 мың пәтерді сатып алған болатын. Қазіргі уақытта кезекте тұрғандар арасынан әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар мен бюджеттік сала қызметкерлері үшін бөлінетін 569 пәтердің құрылысы аяқталған.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар