Жаңалықтар

1 қыркүйек 2009
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Парламентінің төртінші шақырылымының үшінші сессиясын ашты және Сенат пен Мәжіліс депутаттарының алдында сөз сөйледі.
01_big-011

Мемлекет басшысы парламентарийлердің екінші сессиясы кезінде 140-тан астам заң жобасы қаралып, соның ішінде 90-нан астам заң қабылданғанын атап өтті.

Президент депутаттардың жемісті жұмыс жасағанына өз ризашылығын білдірді. Парламенттің сапалы жұмысы әлеуметтік-экономикалық проблемалардың жедел шешілуі, жаһандық қаржылық дағдарыстың жағымсыз салдарларын еңсеру үшін заңнамалық базаны құрды. Бұл мемлекетке халықтың алдында барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындауға, экономикалық құлдыраудың жағымсыз үрдістерін жоюға, экономиканың жекелеген секторларындағы жағдайды жақсартуға мүмкіндік берді. Еліміздің жалпы қаржылық жүйесін тұрақтандыруға қол жеткізілді. Шағын және орта бизнес айтарлықтай қолдауға ие болды.

- Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, Қазақстан ТМД елдері арасында дағдарысқа қарсы саясаттың тиімділік индексі бойынша көш бастап келеді,- деп мәлімдеді Н. Назарбаев.

Президент енді қоғам алдында – Қазақстанның дағдарыстан кейінгі дамуына жүйелі түрде дайындалу міндеті тұрғанын атап өтті.

- Бұл нақты және кешенді жаңаруды әрі біздің заңнамаларды жаңғыртуды талап етеді,- деп атап көрсетті Президент.

Үкімет жылдың аяғына дейін бесжылдыққа бөлініп жасалған, еліміздің 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасын әзірлеуді аяқтауы тиіс. Бұл «Қазақстан – 2030» даму Стратегиясын орындау бойынша келесі қадам болып табылады.

Мемлекет басшысы таяу онжылдықта мемлекет пен қоғамның күш-жігері мынадай негізгі бес бағытқа негізделуі қажет екенін атап өтті: дағдарыстан кейінгі экономиканы қалпына келтіру, оның орнықтылығын қамтамасыз ету, адам капиталының бәсекелестігін құру, халықты базалық әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық қызметпен қамту, сондай-ақ ұлтаралық келісімді, халықаралық қатынастардың тұрақтылығын қолдау.

Осыған байланысты Үкіметке ағымдағы жылдың соңына дейін елімізді индустриализациялауды ынталандырудың бесжылдық жоспарын әзірлеуді, 2010–2015 жылдарға арналған индустриализациялау Картасын және 2020 жылға дейінгі өндірістік қуаттылықты ұтымды орналастыру Схемасын аяқтау міндеттері жүктелді. Президент Парламент депутаттарының назарын Қазақстан экономикасын дамыту мен индустриализациялау жөніндегі барлық іс-шаралар мықты заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етілуі қажеттігіне аударды.

Индустриалдық саясат туралы заң жобасы басым бағытта қарастырылуы қажет.

Ғылым туралы жаңа Заңды, шаруа (фермерлік) шаруашылығы қызметін, еліміздің қаржы жүйесін жетілдіру, іскерлік климат пен кәсіпкерлік белсенділікті жақсарту, Қазақстанның әлеуметтік сала жүйесін дамыту мәселелері бойынша заңнамаларды қабылдау қажеттігі ерекше атап өтілді.

Президент сондай-ақ 2010 жыл – Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету жылы екеніне тоқталды.

- Бұл құрметті миссия бізге зор жауапкершілік жүктейді және бізге мол мүмкіндіктер ұсынады. Біздің ортақ міндетіміз – Қазақстан осы міндетін абыройлы атқарып шығу үшін, халықаралық саясатта беделі мен ықпалын нығайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жалпы, алдағы сессиядағы негізгі міндеті еліміз дамуының жаңа кезеңін заңнамалық қамтамасыз етуге дайындық жасау болып табылады. Осы істің басында «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының фракциясы жүруі қажет.

Президент депутаттарға жаңа маңызды заңдарды қабылдауда, біздің Тәуелсіздігіміз бен мемлекетімізді нығайтуда жұмыстарына жеміс тіледі, әрбір қазақстандықтың жарқын болашағына, олардың балаларының келешегіне сенім білдірді.

Палаталардың бірлескен отырысында жаңадан сайланған депутаттар Қазақстан халқына ант берді


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар