Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

4 наурыз 2008
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Катар Мемлекетінің Әмірі шейх Хамад бен Халифа Әл Тани Қазақстан Республикасына ресми сапармен келді.
big-06Eg.jpg

Екі ел басшылары Катар мен Қазақстан арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың кешенді мәселелерін талқылады, сондай-ақ өңірлік және халықаралық өзекті проблемалар жөнінде пікір алмасты. Катар Мемлекетінің Әмірі шейх Хамад бен Халифа Әл Танидің біздің елге жасаған екінші сапары Тараптардың екі мемлекет арасындағы саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге және нығайтуға деген қызығушылығының айғағы болып табылады.


Келіссөздер барысында Катар жағы Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің толыққанды мүшесі болуға ниет білдірді. Катар тарапының тиісті өтініші АӨСШК-ке мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің ағымдағы жылғы тамызда өтетін кеңесінде қаралатын болады.


Тараптар халықаралық және аймақтық ұйымдар, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Ислам Конференциясы ұйымының аясындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделілік танытты.


Қазақстан жағы Доханың өркениетаралық және конфессияаралық үнқатысу үдерістерін дамытудағы маңызды рөлін жоғары бағалай отырып, Катарды Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі аясындағы ынтымақтастыққа шақырды.


Катар тарапы Қазақстанның 2008 жылдың қазанында Астанада өткізу жоспарланған және халықаралық қатынастар проблемасын, жаңғырту, экономикалық ынтымақтастық, мәдениеттерді өзара бейімдеу, осы үдерістегі БАҚ-тың рөлін талдауды талқылауға бағытталған «Ортақ әлем: көптүрлілік арқылы прогреске» атты Сыртқы істер министрлерінің форумын шақыру жөніндегі бастамасына қолдау білдірді.


Тараптар өзара мүдделілікке ие түрлі халықаралық және өңірлік сипаттағы проблемалар, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері бойынша Сыртқы істер министрлері арасында тұрақты саяси кеңесулер өткізіп тұру жөнінде уағдаласты. 2007 жылы Катар астанасы – Дохада Қазақстан Елшілігі ашылған болатын, ендігі кезекте катар жағы Астанада өз дипломатиялық өкілдігінің құрылатыны жөнінде хабарлады.


Сауда-экономикалық байланыстарды жандандыру мақсатында тараптар жедел түрде Қазақстан-катар іскерлік кеңесін құру қажеттігін атап өтті.


Сапар аясында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Катар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Инвестициялық көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге және «Қазына» АҚ және Катар Мемлекетінің қазақстандық-катарлық инвестиция қорын құру жөніндегі өкілетті ұйымы арасындағы түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.


2008 жылдың мамырында Қазақстанда Катар мәдениеті күндерін өткізу жоспарланып отыр, бұл шара халықтардың мәдениеті мен өзара түсіністігін одан әрі жақындастыруға ықпал ететіні анық.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар