Жаңалықтар

6 маусым 2008
Санкт-Петербургте ТМД-ға қатысушы-мемлекеттер басшыларының бейресми саммиті болып өтті. Саммит жұмысына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
big-03P.jpg

Саммит барысында мемлекет басшылары ТМД мемлекеттерінің одан әрі даму Концепциясын іске асыру жөніндегі негізгі іс-шаралар жоспарының орындалу барысын, сондай-ақ 2020 жылға дейінгі ТМД-ның экономикалық даму стратегиясы жобаларының әзірлену барысын, азық-түлікпен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін, 2020 жылға дейінгі көлік саласындағы ынтымақтастықты дамытудың басым бағыттарын, Достастық органдарының қызметін жетілдіру және гуманитарлық саладағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.


Мемлекет басшылары өзара мүдделілік тудыратын ынтымақтастықтың әртүрлі бағыттарына қатысты Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің өзара әрекеттестігінің басқа да қырларын қарастырды.


Кездесуде сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев ТМД-ның экономикалық даму стратегиясында бірыңғай инновациялық кеңістікті қалыптастыруға айрықша мән берілуі тиіс, - деп атап өтті.


Президент пікірінше «бір жылға – бір тақырып» формуласындағы ынтымақтастық өзінің тиімділігін көрсетті. Ағымдағы жыл ТМД-да келісілген көліктік саясатты әзірлеуге бағытталған. «Көлік саласындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын» әзірлеу барысында әлемдік теңіз айдынына шыға алмайтын ТМД мемлекеттерінің мүдделері ескерілуі тиіс.


Соңғы уақытта әлемдік қауымдастық энергетика саласында туындаған жаңа мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Осының негізінде Мемлекет басшысы Қазақстан мен ТМД төрағасы ретіндегі Қырғызстанның 2009 жылды келісілген энергетикалық саясат тақырыбына арнап, күзде Бішкекте тиісті шешім қабылдау қажеттігі жөніндегі ұсынысын жеткізді.


Н.Ә.Назарбаев Достастық мемлекеттері тарапынан Қазақстанның азық-түлікпен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу туралы ұсынысының қолдау тапқандығы жөніндегі мәліметті ерекше атап өтті. ТМД елдері бұл салада өз күштерін бір арнаға үйлестірулері қажет.


Сөзін қорытындылай келе Нұрсұлтан Назарбаев өз әріптестерін Астананың 10 жылдығына арналған мерекеге құрметті қонақ ретінде қатысуға шақырды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар