Жаңалықтар

5 шілде 2005
Шанхай ынтымақтастығы ұйымы Мемлекет басшылары кеңесінің Астанадағы саммиті жемісті өтті.

Оның барысы мен қорытындысына ұйымға мүше елдердің басшылары түгелдей қанағаттанатындықтарын мәлімдеп, ШЫҰ-ның әлеуеті мен мүмкіндіктері зор екендіктерін ерекше атады.  
Мәселен, ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао саммиттен кейінгі баспасөз мәслихатында Мемлекет басшыларының мәжілісі ынтымақтастықты нығайтудың жаңа кезеңіне аяқ басып, бұл бағытта белгілі бір жетістікке жеткенін айтса, Қырғызстан Президентінің міндетін атқарушы Құрманбек Бакиев “аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ШЫҰ-ны экономикалық әлеуеті зор, үлкен мүмкіндіктері бар ұйым” деп санайтынын жеткізді. Қырғызстан бұл ұйымның жұмысына ерекше маңыз беріп, оның жұмысына болашақта белсене қатыспақ. Ал Ресей Президенті Владимир Путин «Үндістан, Пәкістан және Иран елдеріне бақылаушы мәртебесінің берілуі ШЫҰ- беделінің өсіп келе жатқаны» дей келіп, бұл ұйымның әлеуеті мен мүмкіндіктері зор екендігін атап көрсетті. Тәжікстан мен Өзбекстан президенттері де осындай пікірді келтіріп, ШЫҰ-ның экономикалық ықпалдастықпен қатар, аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздік мәселесінде шешуші маңызға ие болып келе жатқандығын атап өтті.  
Еске сала кетейік, ШЫҰ-ға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Тәжікстан және Ресей мемлекеттері мүше. Ұйым жанындағы бақылаушы мәртебесіне бүгіннен бастап Үндістан, Пәкістан және Иран елдері ие болып, олардың қатары Моңғолияны қосқанда төртке жетті.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар