Жаңалықтар

19 маусым 2008
Жапонияның іскер өкілдерінің тобы Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі.

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі Жапонияның іскер элитасы өкілдерімен кездесті.


Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жапонияның Экономика, индустрия және сауда министрі Акира Амаримен кездесуіне бүкіл әлемге танымал “Сумитомо корпорейшн”, “Марубени корпорейшн”, “Тошиба”, “Кансай электрик пауэр”, “Токио электрик пауэр”, “Мицуи”, “Иточу”, “Мицубиши”, “Инпекс” компанияларының басқарма төрағалары мен президенттері де қатысты. Демек, бұл кездесу жоғары лауазымды шенеунікпен ғана емес, Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі Жапонияның іскер дегдарларымен өтті деуге болады.


Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстан-Жапония экономикалық әріптестігінің көлемі әзірге сондайлық жоғары еместігін және екі елдің экономикалық әлеуетіне сай келмейтінін атап өтті.


– Қазақстан экономикасы серпінді де тұрлаулы даму үстінде, көрші елдердің рыногы – елу миллионнан астам адам. Бүгінде тікелей инвестициялаудан емес, құрал-жабдықтар жеткізіп беру мен қызмет көрсетуден тұратын жапон корпорацияларының стратегиясын өзгерткен жөн. Біз жер, шикізат, мемлекеттік тапсырыс беруге әзірміз. Біздің мүддеміз Қазақстанда инновациялық өндірістің пайда болуынан тұрады және мұндай жобаларға біз толық қолдау білдіреміз, – деп атап көрсетті Н.Ә.Назарбаев.


Қазақстан Жапония кәсіпкерлеріне өңдеу кешендерін, мәшине жасауды, энергетика, көлік және коммуникация инфрақұрылымын, құрылысты, фармацевтиканы дамыту жобаларына қатысуды ұсынуға әзір. Қазақстанда бос жатқан жер алқаптары өте көп. Сондықтан да бидай, күріш өсіруді, мал шаруашылығы мен ет-сүт өнімдері өндірісін дамытуда зор мүмкіндіктер бар.


– Ынтымақтастықтың бұл бағыты әлемдік азық-түлік дағдарысы жағдайында өте өзекті болып табылады, – деді Мемлекет басшысы.


Инвестициялық ынтымақтастыққа қолдау білдіру үшін Қазақстанның ұлттық даму институттары – “Қазына”, “Самұрық” және “ҚазАгро” құрылған.


Қазақстанның өз ядролық энергетикасын дамыту ниеті бар, сондықтан бұл салада мол тәжірибе жинақтаған Жапонияның ұсыныстарын қарастыруға дайын. Осыған байланысты Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімді тездетіп жасасу маңызды. Мұндай келісім осы саладағы өзара ықпалдастық үшін негізгі құжат болар еді.


– Бізге жұмыс форматын елеулі түрде қайта қарау керек. Мұнда алғашқы қадам Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Жапония комитетін әлдеқайда күшейту болар еді. Біз комитет құрамының мәртебесін оған Жапония үкімет органдарының өкілдерін қосу арқылы арттыруды ұсынамыз. Егер оларды министрлер басқаратын болса, бұл тіпті жақсы болар еді, – деді Н.Ә. Назарбаев.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар