National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Халықаралық консультативтік кеңес мүшелерімен кездесті

2013 жылғы 25 ақпан

Кездесуге Польшаның экс-президенті Александр Квасьневский, Австрия Республикасының экс-федеральды канцлері Альфред Гузенбауэр және Еуропалық комиссияның экс-төрағасы және Италияның бұрынғы премьер-министрі Романо Проди қатысты.

Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық консультативтік кеңес аясында пікір алмасулар мен тиімді консультациялардың тұрақты түрде өтіп тұратынын айтты.

- Біздің соңғы кездесуімізден бері едәуір уақыт өтті. Біз 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді жаңа даму стратегиясын қабылдадық. Болашаққа арналған өз бағытымызды айқындадық. Елімізде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру жалғасуда, шикізаттық емес экспорт артуда, әлеуметтік мәселелер өз шешімін табуда. Сонымен қатар, алдағы жылы біз Қазақстанның дамуының инфрақұрылымдық мәселелеріне ерекше көңіл бөлетін боламыз. Сондай-ақ, біз Еуропалық одақпен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жаңа келісім жасасу туралы белсенді келіссіздер жүргізіп келеміз және бізге бұл мәселе жөнінде сіздердің пікірлеріңізді, сондай-ақ Еуропада болып жатқан оқиғаларға берілген бағаны тыңдау маңызды, - деді Мемлекет басшысы.

Польшаның бұрынғы президенті А.Квасьневский кездесу өте қызықты және мазмұнды болғанын атап өтті.

- Біз бұдан бірнеше ай бұрын Венада болған әңгімемізді жалғастырдық, Еуропалық одақ туралы, жалпы, Еуропадағы ахуалды, атап айтқанда, саяси және экономикалық көзқарас тұрғысынан сөз еттік. Сондай-ақ, Қазақстанның Еуропалық одақпен ынтымақтастық мәселесін, Еуропа мен Қазақстан үшін өте маңызды болып саналатын жаңа шарт әзірлеу жайын талқыладық. «Қазақстан-2050» стратегиялық даму жоспарының маңыздылығын атап өткім келеді. Біздің бағалауымыз бойынша, бұл ­- елдің және қоғамның алдағы жылдарға арналған даму идеясын көрсететін тарихи құжат, - деді А.Квасьневский.    

Еуропалық комиссияның бұрынғы төрағасы және Италияның бұрынғы премьер-министрі Р.Проди кездесу барысында әңгімелесушілер әлемдік экономика мен саясаттағы жағдайды талқылағанына, сондай-ақ Қазақстанның Еуропалық одақпен экономикалық ынтымақтастығын жандандыру жөнінде бірқатар бағыттарды анықтағанына тоқталды.

Австрияның бұрынғы федеральды канцлері А.Гузенбауэр кездесуде өңірлік және жаһандық деңгейдегі кең ауқымды мәселелер қозғалғанын мәлім етті.

- Алдағы екі күн ішінде Қазақстан ирандық ядролық бағдарлама жөніндегі кездесулердің кезекті раундын қабылдайтыны жөніндегі факт жоғары бағалауға тұрарлық. Мұндай келіссөздер өткізудің жаһандық қауіпсіздікті нығайту үшін өте үлкен мәні бар және кездесудің Алматыда өтетіні қазақстандық дипломатияның өңірдегі рөлі өсе түскенін көрсетеді. Сондықтан Қазақстан халқы тұрақтылық пен бейбітшілікке өз үлесін қосып отырғанын мақтаныш етуге тиіс. Қазақстан Еуропалық одақпен, АҚШ және Қытаймен тығыз ынтымақтастық орната отырып,  өңірдегі тұрақтылықтың тірегі ретіндегі өзінің рөлін сақтап отыр, - деді А.Гузенбауэр.

Әңгімелесу барысында еуропалық мемлекеттердің тәжірибесін пайдалана отырып, Қазақстанның одан әрі жан-жақты дамуының негізгі аспектілері талқыланып, бұдан бұрынғы кездесуде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысы да қаралды.

ҚР Президенті жанындағы Халықаралық консультативтік кеңес 2010 жылы құрылды, оның құрамында Еуропаның белгілі қоғамдық-саяси қайраткерлері бар.     


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің