National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Қазақстан Президенті ҰҚШҰ-ның Мәскеуде өткен мерейтойлық саммитіне қатысты

2022 жылғы 16 мамыр

Ресей Федерациясы, Мәскеу қаласы

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойылғанына 30 жыл және Ұйымның құрылғанына 20 жыл толуына орай өткен ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық сессиясына қатысты.

Мерейтойлық жиынға Қазақстан көшбасшысынан басқа Арменияның Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Ресей Президенті Владимир Путин, сондай-ақ ҰҚШҰ-ның бас хатшысы Станислав Зась қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуге қатысқандарға ілтипат білдіріп, мерейтойлық сессияны ұйымдастырғаны үшін Владимир Путинге ризашылығын білдірді.

Қазақстан Президенті ҰҚШҰ-ның 30 жыл ішінде одан әрі даму үшін зор әлеуеті бар көпжақты ынтымақтастықтың нақты механизмі ретінде қалыптасқанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев бейбітшілік пен тұрақтылықты, халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті сақтау, мүше мемлекеттердің аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау ҰҚШҰ-ның басты міндеті екенін айтты. Президент ҰҚШҰ-ның тұрақты жұмыс органдарының табысты қызметіне, әртүрлі форматтағы тығыз ынтымақтастықты, сондай-ақ Ұйымның күштік, құқық қорғау және бітімгершілік әлеуетін күшейту мәселесіне тоқталды.

Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде халықаралық терроризм мен экстремизмге, заңсыз есірткі және қару-жарақ айналымына, көші-қонға, соның ішінде Ауғанстандағы ахуалдың өршуіне қарсы іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударды.

– Ауғанстандағы жағдай, сондай-ақ осы елдің аумағындағы қарулы топтардың белсенді әрекеті мемлекеттеріміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қатер төндіріп отыр. ҰҚШҰ барлық ықтимал қауіп-қатерлерді ескеріп, Орталық Азияның оңтүстік шекараларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көбірек көңіл бөлуі керек деп есептеймін, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің әлеуетін нығайту Ұйым қызметінің тағы бір өзекті міндеті екенін айтты.

– Біздің ойымызша, қазірдің өзінде ҰҚШҰ-ны БҰҰ-ның бітімгершілік қызметімен байланыстыру міндетін күн тәртібіне қою қажет. Бұл қадам Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының субъект ретіндегі құқығын нығайтады. Сондай-ақ Ұйымның бейбітшілікті сақтау жөніндегі халықаралық бітімгершілік операцияларға қатысу тәжірибесін қамтамасыз етеді, – деді Мемлекет басшысы.

Кездесу қорытындысы бойынша ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық мәлімдемесін қабылдады.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің