National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың «Астана – Ұлы дала Елінің шұғылалы шалқар-шыңы» атты мақаласы

Адам баласының жаратылысы сондай, мереке-шаттықсыз өмір сүре алмайды. Бұл – бізге күйбең тіршіліктен соң тыныс табу үшін ауадай қажет өзіндік серпіліс сәттері. Жұрт оларды тағатсыздана тосып, алдын ала дайындалады.

Басталған осы апта ерекше. Бірнеше күннен соң бәріміз межелі мерейтойды – тәуелсіз Қазақстанның символы болып саналатын Астананың 20 жылдығын мерекелейміз.

Бұл мейрамға бейне табиғаттың өзі шуағын шашатындай. Шілдеде әрдайым сағындырған сәулелі жаз орнайды. Сондықтан баршаның көңілі көтеріңкі болады, барлық тұстан бақыттан бал-бұл жанып, күлкі ойнаған жадыраңқы жүздерді көресіз. 

Бұл күндері халық Астанаға елдің түкпір-түкпірінен бүкіл отбасымен жиналады. Өзге мемлекеттерден де меймандар келеді.

Адам әрқашан сұлулық пен асқақтыққа құштар келетіні белгілі. Біздің Астана – республикамыздағы қазіргі ең әсем дүние десем, қателеспеспін. Сондықтан да жұрт Еуразияның заманауи мегаполисіне жан-жүрегінің қалауымен жол шегеді.

Мұнда жаһандық урбанистиканың жетістіктерін тамашалап қана қоймай, әлемдік пәлсапалардың ғаламат сәулеткерлік үйлесімін көруге болады. Ең бастысы, Астана заманауи және қарышты Қазақстанның – біздің рухымыздың, барлық жетістіктеріміздің, қуат-күшіміздің бейнесі екенін түйсінесің.

Бүгінде Астана күнін тек қана мемлекеттік мереке ретінде қабылдаумен шектелмейтінімізді айта кету керек. Ол шын мәнісінде халықтық, ұлттық мейрамға айналды.

Астананың әрдайым жүрегіміздің төрінде тұратыны үшін біз ең алдымен бір адамға – Ұлы дала Елінің Ұлы перзенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа қарыздармыз. Ұланғайыр Отанымыздағы әрбір дерлік отбасыда көп адам қазір осылай ойлайды және солай айтып та келеді. Елбасының басшылығымен болашаққа ұмтылған байтақ полис бой көтерді, оған қазір қазақстандықтар мен біздің қонақтарымыз футуристік қала деген атау беріп жүр.

Астана – академиялық классика және сәулеткерлік модерн ғана емес, Шығыс пен Батыстың, Нi-Tec пен Smart City-дің жарасымды үндестігі.

Астана – экономиканың қозғаушы күші, елдің қаржы орталығы. Мәдениет пен өнердің мәйегі, ғылым орталығы, жаңашылдық  қаласы.

Бүгінде Астана – мойындалып үлгерген жаһандық орталықтың бірі.

Белгілі америкалық экономист Ричард Флориданың шыңдар мен жазықтарға қатысты тұжырымдамасы бар. Оған сәйкес, әлемнің елеулі бөлігі экономикалық тұрғыдан төмен дамыған жазықтарға ұқсайды.  Ал олардың бетінде инновациялық шыңдар түріндегі мегаполистер асқақтап тұрады. Шыңдар – инклюзивті өсімнің тірек нүктелері.

Біздің елдегі сондай шалқар-шың, сөз жоқ, Астана. Ол биік мақсатқа бастап, біртұтас мазмұн мен эволюцияның үйлесімді алгоритмін құрап отыр. Мұнда озық қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-гуманитарлық жобалар әзірленеді және жүзеге асырылады. Сондықтан үздіктердің үздіктері осы жерге келеді. Яғни бәсекеге дайын, жеңіс пен жетістікке құштар жандар ағылады.

Әлемде үкіметтердің қазіргі өзекті мәселесі болып отырған мемлекеттік басымдығының бірі – экологиялық саясат. Қоршаған айналаның ластану ауқымы жыл өткен сайын барынша ұлғайып, қатері көбейіп келеді.

Мәселен, көршілес Қытайда көптеген аудандар экологиялық апат аймағы деп жарияланған. Онда «ластанған» су қоймаларының қасында орын тепкен 450 «қатерлі ісік қалашығы» бар. Лас су көздеріне жақын болғандықтан ол мекендердің тұрғындары онкологиялық науқасқа шалдығуда. Ағаш кесінділерін алу үшін, жер жырту үшін тұтас ормандар құрбан болып, табиғи су көздері құрғап қалды. Шөлейттену, егістік пен жайылым жерлердің жойылуы –  соның кесірі.  Нәтижесінде ауа да ластанды. Адамның агрессиялық өнеркәсіп саясатының апатқа ұрындырған салдарлары, міне, осындай. Ол жер бетіндегі барлық индустриялық мемлекеттерге азды-көпті тән жағдай.

Сондықтан ҚХР 2020 жылға қарай ел аумағының 23%-ын орманмен қамтуды көздеуде. Ол үшін қытайлықтар жасылдандыруға арналған «Ұлы Қытай жасыл қорғаны» атты ауқымды жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұл – ұзындығы 4500 шақырымнан асатын, ені 100 шақырым болатын, ағаш егілген қорғаныс белдеуі. Аталған жобаға бүкіл халық жұмылдырылуда. Жасы 11 мен 60 аралығындағы әрбір қытайлық жыл сайын 3-тен 5-ке дейін ағаш егуге тиіс. Міне, бізбен достас және көршілес елде осындай саясат жүргізіліп отыр.

Біз Президентіміздің көрегендігі туралы жиі айтамыз. Соның айшықты айғағының тағы бірі – жүйелі орман шаруашылығын жүргізу саясаты.

Алдымен бірқатар жалпы мәліметтерді келтіре кетейін. Қазақстан орман-тоғайы аз мемлекетке жатады. Орманды бөлігі – аумағының 4,7%-ы ғана және оның жартысы дерлік сексеуіл егілген жерлер үлесінде. Арал теңізінің құрғаған табанында 2008 жылдан бері ауданы 56,5 мың га жерге сексеуіл егу жұмысы жүргізілгенін айта кету керек.

Мемлекеттік орман қорының (табиғи және жасанды ормандар, қорғаныс үшін егілген ағаш алқаптары) жалпы ауданы, 2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, 29,3 млн. га мөлшерді немесе республика аумағының 10,7%-ын алып жатыр. Ағаш егілген орманды алқап 12,7 млн. га жерді немесе орман қоры ауданының 43,1%-ын қамтиды.

 Орман алқабының жалпы ауданы жөнінен біз Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері арасынан тек Ресей мен Түркиядан кейінгі үшінші орында тұрмыз. Ағаштарының діңі биік ормандар ғана есепке алынатын (3,08 млн. га) еуропалық стандарт бойынша, Қазақстанның орман көлемі  1,1 %-дан аспайды.  

Отандық тарихымызда далалық мемлекетті орман державасына айналдыру мақсатын көздеген ешкім болған емес. Ал ол – бүгінде біздің көздің алдымызда іске асырылып жатқан ғаламат өзгеріс. Көшбасшымыздың батыл әрекеті осыны анық дәлелдейді

1997 жыл баршаның есінде шығар. Сол кезгі 10 желтоқсанда  елорда Алматыдан Ақмолаға көшірілді. Президенттің алғашқы қадамының бірі елдің бас қаласы төңірегіне орман ектіру болғанын айта кеткім келеді.

Осы мақсатпен 2000 жылдың өзінде «Жасыл Аймақ» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылды. Бүгінде оның 8 (Астаналық, Батыс, Вячеславск, Қызылжар, Шортанды, Аршалы, Ерейментау және Сарыоба) орман шаруашылығы бар, оларда орманды бақтар орнату, табиғатты пайдаланудың және орман өсірудің шектеулі режімі сақталатын жасыл және қорғаныс аймақтарын қалыптастыру жұмыстары атқарылады.

Бұдан бөлек, аталған шаруашылықтар ауқымды ғылыми-өндірістік қызметпен; сынақтық-өндірістік мақсатта ағаш отырғызу және бұталы ағаш түрлерін сынақтан өткізумен айналысады; орман өндірісі және орман өсіру саласындағы жаңа технологияларды апробациядан өткізеді; плантацияларда түрлі мақсатқа арналған ағаш-тал өсіреді.  

Аталған жылдары бой көтерген орманның жалпы ауданы қазірдің өзінде 80 мың га-дан асты. Жыл сайын қосымша тағы 5 мың га егіледі. Нәтижесінде, осы уақыт ішінде іс жүзінде екінші Бурабай ұлттық саябағы пайда болды. Ал 2021 жылға дейін Астана төңірегіндегі жасыл аймақты 100 мың га мөлшеріне жеткізу жоспарлануда.

«Жасыл белдеудің» арқасында енді Астанада қазір ауа райы бұрынғыдан мүлде басқаша, жұмсағырақ. Қала тұрғындары мен қонақтары желдің өткірлігі айтарлықтай бәсеңсіп, шаң-тозаң едәуір азайғанын жіті сезінуде.

Ал қала маңындағы жасанды ормандарда қазір үйеңкі, шетен, қарағай, қайың, шегіршін, терек, мәжнүн тал, алма ағашы жапырақтары тынымсыз сыбдырласып тұр; тіпті сүйікті қарақатқа да қарық болуға болады – оның мұнда 26 түрі өседі.

Аталған ағаштар арасын марал (марал шаруашылығында), бұлан, елік, суыр, қарсақ, ондатр, қоян, қосаяқ тәрізді түрлі аң мекен етеді; балқарағай торғайы, сұрғылт шіл, сұр сандуғаш, көкқарға, жасымық құс, шиқылдақ торғай, қырғауыл сияқты құстар жарыса әндетіп жатады.

Сондықтан демалыс күндері табиғат аясында тың тыныс тауып, күш-қуат алу үшін мұнда астаналықтар отбасымен жиі келіп тұрады. Бір жақсысы – алысқа барудың да керегі жоқ, бәрі жақын, іргеде.

Әдетте біз өзімізде бар нәрсенің бағасын біле бермейтініміз рас. Мұны, сірә, әлемдегі басқа елдердің халқына да қатысты айтуға болар.

Біздің Президентіміз маңызды жаһандық үрдістерден әрдайым хабардар болып отырады. Ол біздің елімізге залалын тигізуі мүмкін қандайда бір сын-қатердің алдын алу үшін барлық ықтимал қауіптерді жан-жақты және егжей-тегжейлі елеп-екшейді.

Бұл ретте қазір Қазақстанның маңызды саясатының бірі – экологияны жақсарту үшін күрес.

Мемлекет басшысы тал-ағаш дегеннің не екенін, ел-жұрт үшін орманның қандай мәні бар екенін өте жақсы біледі. Ол шет-шегі жоқ байтақ даласы көгілдір-жасыл шыршалармен көмкеріліп, мәңгілік мұздақтары күнге шағылысқан асқар таулармен ұштасып жатқан киелі Жетісу өңірінде туып-өсті. Қазақ халқы бұл өлкені жер бетіндегі жұмаққа балайды.

Президент өз өмірінде, сірә, бүгінге дейін өз қолымен мыңдаған ағаш – тұтас орман еккен шығар десем де, қателеспеспін.

Орман дегеніміз – экономика үшін шикізат көзі немесе бағалы азық-түлік қоймасы ғана емес екені белгілі.

Ағаштар мен талдар – таза ауа, табиғаттың тыныс алар «өкпесі», қоңырқай көлеңке және аптап ыстықта жан рахаттанатын салқын сая, өткінші жауын мен ақтүтек бораннан қорғайтын сенімді басқалқа.

Орман шаруашылығы басқармасында ұзақ жыл еңбек еткен әкемнен орман – тұмса табиғаттың тұнық жыры, оптимизмнің қайнар-көзі, рухани тыныштық екендігі жөнінде мен бала кезімнен естіп өстім.

 Ал қазір біздің Елбасы іс жүзінде ондай мүмкіндік туғанда өз қолымен ағаш егіп, талмай үлгі көрсетіп, барлық қазақстандықтарды сенбіліктерге белсене қатысуға, табиғи байлықтарды сақтап, аялауға шақырып отырады. Ол экологиялық жағдайды жақсарту үшін еліміздің әр өңірінде орман өсіру ісін дамыту міндетін қойды.

Табиғатты қорғаудың маңыздылығы, оның ауқымын ұлғайту, туған өлкеге деген қамқорлық ісінде Астана даусыз көш бастап келеді. Бүгінде мегаполис төңірегінде тұтас жасанды оазис – елорданың жасыл белдеуі қалыптасты.

Мемлекет басшысы «жасыл аймақты» Көкшетау ормандарына ұластыру жөнінде тапсырма берді, ал одан соң орман Павлодар, Қарағанды, Қостанай бағытына қарай жалғасады, осылайша  республиканың бас қаласы маңын түгел қоршап жатпақ.

Шынына келгенде, еліміздің жүрегін орман арқылы барлық өңір орталықтарымен жалғастыру – тағы бір маңызды ұлттық жоба, Қазақстанның XXI ғасырдағы басымдығының бірі. Болашақта әйтеуір бір кез Астанадан барлық облыстарға дейін қалың орман жолдары бір-бірімен ұштасып жататын болады. Ал облыс орталықтарынан мұндай жасыл жылғалар барлық аудандарға жалғасады. Әрине, сұлулығы жан тербейтін дала бейнесі де бұрынғыша көз қуанта бермек, кей жерлерде «бұйығы» шөлдер де сақталып қала береді. Дегенмен, ең бастысы – Қазақстан жаңарып-жасарып, негізінен жасыл желекке оранып тұратыны анық.

Әлемде қазіргі кезде орманға ең бай ел – Финляндия. Оның аумағының 73%-ын орман көмкеріп жатыр. Бұл оларға табиғат-ананың жомарттықпен сыйлаған тартуы.

Келешекте Қазақстан да дәл сондай жасыл желекті елге айналуға тиіс.

Еліміздің әрбір тұрғыны біздің жерді Жаратушының ештеңеден кенде етпегенін біледі. Бізде барлығы молынан бар. Бұл жағынан әлемдегі көп жұрт бізге қызыға, қызғана қарайды.

Суоми және өзге де орманға бай елдердің деңгейіне жету жолындағы біздің ең басты капиталымыз – ерік-жігері берік, талантты әрі еңбексүйгіш, кәсіпқойлығы күн санап өсіп келе жатқан және даңқты тарихы бар халқымыз.

Біздің елге сырттан, әсіресе жылы-шуақты Еуропадан келушілер мұндай күрт құбылмалы қатал континенттік климат жағдайында қалай күн көріп жатқанымызға әрдайым таңғалыс білдіріп жатады.

Бірақ біз күн көріп жатқанымыз жоқ, өмір сүріп және еңбектеніп, жарқын болашағымыздың негізін қалап жатырмыз. Табиғат қазақстандықтарды денсаулығы тұрғысынан айтарлықтай мықты, сонымен қатар мойымайтындай рухы күшті етіп жаратқанын мойындау керек. Сондықтан да біз толыққанды және еркін өмір сүреміз.

Жас әрі жасампаз мемлекет құрдық.

Білімге ұмтылған жаңа ұлт қалыптастырып жатырмыз.

Заманауи және жаңа елорда – Астананы салдық.

Біз алдымызға әрдайым ең бір биік мақсаттар қойып және оларды бағындырып келеміз.

Әлемдік әдебиеттің классигі Антон Чехов бірде: «Орман жерге көрік береді... ол адамды сұлулықты бағалауға үйретеді»  деген екен.

Мұны біздің Президент барлығынан артық біледі және түсінеді.

Ол – өзі де үнемі сұлулықты қолымен туындатып, бізді де оны аялауға шақырып келе жатқан адам.

Бұл мақсатқа да міндетті түрде жететінімізге мен сенімдімін. Ал Ұлы дала Елі дүние жүзінің түкпір-түкпірінен демалуға келетін туристер үшін орман-тоғай саясында тыныс табатын сүйікті орын болмақ.

Өйткені өзінің барлық ой-арманын шындыққа айналдыра білетін,  жаһандық әлемде көшбасшы әрі прогрессивті реформатор ретінде мойындалған біздің кемеңгер Елбасымыз бар ғой.

Алдымызда – керемет мерейтой. Сіздерді қонақжай әрі әсем елорда мен болашақта алып аумақты алып жататын және ғасырлар бойы жайқалып тұратын жасыл желекті жас орман күтіп тұр.

Мерекеңмен, сүйікті Астана – Президенттің жүзеге асқан идеясы мен Қазақстан халқы еңбегінің жарқын жемісі!

Мерекелеріңізбен, қымбатты қазақстандықтар!


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару