Жаңалықтар

12 ақпан 2013
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаеваны қабылдады

 

Қазақстан Президенті А.Мұсақожаеваны Қазақ ұлттық музыка академиясының құрылғанының 15 жылдық мерейтойымен құттықтады.

- Осы жылдар ішінде академия өркендеп, бүгінде Қазақ ұлттық өнер университетіне айналды. Жаңа ғимарат салынды. Студенттердің білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Қазіргі уақытта мектепте, колледжде және университеттің өзінде екі мыңдай оқушы білім алады. Мемлекет жыл сайын 2 миллиард 300 миллион теңгеден астам қаржы бөледі. Жалпы, мұнда оқу едәуір дәрежеде мемлекеттік білім беру гранттары есебінен жүзеге асырылады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы астанадағы «Астана-Опера» тәрізді жаңа өнер нысандарының құрылысы мен ашылуы халыққа мәдени тәрбие беруге оң ықпалын тигізетінін атап өтті.

- Астана – бұл тек әкімшілік ғимараттар мен тұрғын үйлер қоры ғана емес. Мұнда мәдениет пен өнердің барлық қажетті нысандары салынуға тиіс. Сонымен қатар, Астанада кино, театр, балет, бейнелеу өнері, биді қоса алғанда, шығаршылықтың барлық саласы үшін мамандар дайындау қажет. Бұл міндетті іске асыруда біз Қазақ ұлттық өнер университетінің қызметіне зор мән береміз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

А.Мұсақожаева, өз кезегінде, Қазақстан Президентіне жоғары оқу орнының мерейтойына арналған есепті концертке дайындық барысы туралы айтты.

- Онда біздің университетіміздің барлық ұжымы өнер көрсететін болады. Концерттің сценарийі Қорқыт шығармашылығынан бастап заманауи өнерді және Қазақстанның өсіп-өркендеуінің көріністерін тоғыстырады. Ол концерт бірқатар шет мемлекеттерде де көрсетілетін болады, - деді Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры.

Сонымен қатар, А.Мұсақожаева бүгінде университет өнердің түрлі саласы бойынша мамандар дайындайтынын, Вена, Рим, Мәскеу және Санкт-Петербуртгің жетекші университеттерімен бірге халықаралық ынтымақтастық бағдарламасын іске асыратынын мәлім етті.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кездесулер мен қабылдаулар
Барлық кездесулер мен қабылдаулар