Жаңалықтар

29 сәуір 2013
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан темір жолы» АҚ президенті Асқар Маминді қабылдады

 

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев индустриялық-инновациялық бағдарламаны толығымен іске асыру көлік инфрақұрылымына, соның ішінде теміржол саласын дамытуға байланысты екенін атап өтті.

- Бүгінде елімізде көлік инфрақұрылымын дамытуға елеулі түрде назар аударылуда және бұл үшін қаражат көп бөлінуде. Сонымен қатар, іске асырылып жатқан барлық инфрақұрылымдық жобалар халыққа және бүкіл елге мол пайдасын тигізуге тиіс, - деді Мемлекет басшысы.

А.Мамин бүгінде «Қазақстан темір жолы» еліміздегі жаңа теміржол құрылысының  операторы болып саналатынына тоқталды.

- Бұл бағытта бірқатар жобалар, соның ішінде Жезқазған – Бейнеу, Арқалық – Шұбаркөл, Жетіген – Қорғас, Өзен ­– Түркіменстанмен мемлекеттік шекарасы жаңа теміржол тармақтары жүзеге асырылуда. Жаңа теміржолдың жалпы ұзындығы – ­1700 шақырым, - деді А.Мамин.

Сондай-ақ, «Қазақстан темір жолы» АҚ президенті Қытайдың Ляньюньган портында терминал инфрақұрылымын құру мәселелері жөнінде қытайлық серіктестерімен келіссөздер жүргізілгені туралы мәлімдеді.

Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кездесулер мен қабылдаулар
Барлық кездесулер мен қабылдаулар