Жаңалықтар

18 қыркүйек 2014
Президент Есеп комитетінің төрағасы Қозыкөрпеш Жаңбыршинді қабылдады

Қ.Жаңбыршин Мемлекет басшысына Есеп комитетінің биылғы негізгі жұмыс қорытындылары мен қаржылық бақылау органының алдағы кезеңдегі даму перспективалары туралы баяндады.

 

Қ.Жаңбыршин Мемлекет басшысына Есеп комитетінің биылғы негізгі жұмыс қорытындылары мен қаржылық бақылау органының алдағы кезеңдегі даму перспективалары туралы баяндады.

Нұрсұлтан Назарбаев облыстардың, Астана мен Алматы қаласының ревизиялық комиссияларының жергілікті бюджеттердің атқарылу тиімділігін бағалау жөніндегі жұмыс қорытындыларымен, сондай-ақ республикалық бюджеттің өңірлерге трансферттер мен субвенциялар түрінде келіп түскен қаражаттарының жұмсалу жайымен танысты.

Мемлекет басшысы бюджеттік жоспарлау сапасын арттырудың, мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының қызметін үйлестіруді күшейтудің, сондай-ақ бюджет қаражаттарының тиімді пайдаланылуын қатаң бақылаудың маңыздылығын айтты.

Қ.Жаңбыршин Есеп комитеті 2014 жылдың 8 айында 186 нысанда 16 бақылау-талдау шарасын жүргізгенін мәлімдеді. Анықталған құқық бұзушылықтың жалпы сомасы 1,2 есе өсіп, 342,3 миллиард теңгені,  соның ішіндегі қаржылық құқық бұзушылықтар 168,6 миллиард теңгені құраған. 77 лауазымды тұлға түрлі дәрежедегі жауапкершілікке тартылған.

Сонымен қатар, Қ.Жаңбыршин республикалық бюджетті жоспарлау мен атқарудың жүйелі проблемалары туралы баяндады. Соның ішінде игерілмеген бюджет қаражатының көлемін анықтау әдістемесіндегі айырмашылықтар, сапасыз бюджеттік жоспарлауға тиісті жауапкершіліктің жоқтығы, мемлекеттік органдардың стратегиялық және бағдарламалық құжаттарының келісілмеуі атап өтілді. Сондай-ақ квазимемлекеттік сектор нысандарының бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін тиімсіз пайдалану деректері де бар.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының қызметін жетілдіруге және қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейтуге бағытталған бірқатар нақты тапсырмалар берді. 

 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кездесулер мен қабылдаулар
Барлық кездесулер мен қабылдаулар