Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

15 мамыр 2014
Елбасы Шымкенттегі "Көрме орталығында" болып, Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлерімен кездесті

 

Көрме орталығында Мемлекет басшысы Шымкент қаласының жаңа әкімшілік орталығы құрылысының жобасымен, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысындағы кәсіпорындар тауарларының өңірлік көрмесіне қойылған  өнімдермен танысты.

Кәсіпкерлермен кездесу барысында Қазақстан Президенті өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің оң сипатын атап өтті.

– Қалада да, облыста да көп жұмыс істеліп жатыр. Өңірдегі тауар өнімділігінің қарқыны өте жақсы. Ол 3 жыл ішінде екі есе өсті. Облыста ауыл шаруашылығын дамыту үшін айтарлықтай әлеует және қолайлы климаттық жағдай бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті, соның ішінде өндірістік секторды дамытуда ауқымды жұмыс атқарылғанын айтты.

Бұған қоса, Қазақстан Президенті облыс аумағы арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автокөлік жолы, теміржол және құбыр магистральдерін қамтитын дамыған көлік жүйесі бизнеске қосымша жағдайлар тудыратынын атап өтті.

– Барлық трассаның бойында осы ірі магистральдерге қызмет көрсететін шағын және орта кәсіпорындар пайда болуы керек. Қазіргі міндет Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жүктер мөлшерін соңғы жылдарда екі есе ұлғайту жөнінде болып отыр, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев өңірде денсаулық сақтау саласының жақсара түскенін атап өтті.

– Облыстың әлеуметтік нысандарын дамытуға көп қаражат бөлінуде. Мемлекеттің денсаулық сақтау саласына үлкен қамқорлығы арқасында Оңтүстік Қазақстан халқының өмір жасы 3 жылға ұзарып, 71 жасқа жетті. Бұл – ең басты жетістік. Ана мен бала өлімі күрт азайды, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев өңірдегі бірқатар проблемаларға, атап айтқанда, кейбір жаңа өндірістердің тоқтап қалуы мен мектептердегі орын жетіспеушілігі мәселелеріне тоқталды.

Кездесу барысында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасады.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге жұмыс сапарлары
Барлық жұмыс сапарлары